«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI Кодексі (2026.26.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

6) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісін пайдалана отырып, аукциондарды қашықтан өткізуді;

7) аукциондар қорытындыларының тізілімін қалыптастыруды;

8) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісінде электрондық аукциондар қорытындыларының тізілімін жариялауды;

9) техникалық құралдар кешенін, жүйелік және технологиялық бағдарламалық қамтылымды:

көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісінің тиісінше жұмыс істеуі;

көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторы жұмыскерлерін қоса алғанда, үшінші тұлғалардың аукцион өткізілетін күні көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондарды өткізу процесіне араласуына жол бермеу үшін тұрақты жұмыс жағдайында ұстап тұруды;

10) ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды және аукцион өткізу процесіне бөгде сырттан араласудан қорғау жөніндегі талаптарды қоса алғанда, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісіне қойылатын техникалық талаптардың сақталуын;

11) аукцион өткізілетін күні көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісінде жасалған барлық іс-әрекеттердің жазбаларын құзыретті органның сұрау салуы бойынша беруді;

12) аукциондар өткізуді регламенттейтін ішкі техникалық құжаттарды әзірлеуді және бекітуді;

13) аукциондар өткізу мәселелері бойынша құзыретті органмен өзара іс-қимыл жасауды;

14) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісінде аукциондар өткізу туралы хабархатты орналастыруды;

15) аукциондар өткізу бойынша жаңа бағдарламалық қамтылымның әзірленуін және (немесе) қолданыстағысының жаңғыртылуын ұйымдастыруды;

16) құзыретті орган айқындайтын тәртіппен аукциондар өткізуді тоқтата тұруды, ауыстыруды немесе оның күшін жоюды қамтамасыз етеді.

 

100-бап. Аукцион қорытындысын шығару және көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасау

2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қол қою бонусының неғұрлым жоғары мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.

Егер аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізуге бір ғана қатысушы жіберілген болса, онда қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда, мұндай қатысушы аукционның жеңімпазы деп танылады.

2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Аукцион нәтижелері электрондық аукциондар операторының ақпараттандыру объектісіндегі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондардың қорытындылары тізілімінің негізінде аукцион өткізілген күні автоматты түрде шығарылады.

 Аукцион нәтижелері ол өткізілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:

1) қол қою бонусын төлейді;

2) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге өз тарапынан қол қойылған келісімшартты жібереді.

Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, аукцион жеңімпазы барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қосымша әзірлейді және оны барлауға және өндіруге келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.

Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесіне жер қойнауын пайдалану құқығы берілген кезде жұмыстар бағдарламасы осы Кодекстің 95-бабы 3-1-тармағы бірінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып əзірленеді.

Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.

Егер аукционның жеңімпазы аукционға қатысуға өтініш беру кезеңінде жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық бойынша ең төмен міндеттемені ұсынған болса, ұсынылған міндеттемелер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған немесе өндіруге арналған келісімшартта бекітіледі.

4. Құзыретті орган аукцион жеңімпазынан келісімшартты және қол қою бонусын төлегенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде онымен көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасады және аукцион жеңімпазына оның қол қойылған бір данасын жібереді.

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Егер аукцион жеңімпазы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қою бонусын төлемесе және (немесе) құзыретті органға өз тарапынан қол қойылған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты ұсынбаса, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, бұл ретте құзыретті органның осы баптың 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жіберілетін жазбаша хабарламасымен тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт жасасу құқығы аукцион жеңімпазынан кейін қол қою бонусының келесі ең көп мөлшерін ұсынған аукционға қатысушыға беріледі.

Құзыретті органнан жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде аукцион жеңімпазынан кейін қол қою бонусының келесі ең көп мөлшерін ұсынған аукционға қатысушы осы баптың 3-тармағында көзделген, аукцион жеңімпазына қойылатын талаптарды орындауға міндетті. Бұл ретте, аукцион жеңімпазынан кейін қол қою бонусының келесі ең көп мөлшерін ұсынған аукционға қатысушы осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қол қою бонусын осындай аукционға қатысушы ұсынған мөлшерде төлейді.

Аукцион жеңімпазынан кейін қол қою бонусының келесі ең көп мөлшерін ұсынған аукционға қатысушы құзыретті органнан жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осы баптың 3-тармағында көзделген, аукцион жеңімпазына қойылатын талаптарды орындамаған жағдайда, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, ал жер қойнауы учаскесі қайтадан аукционға шығарылады.

 

101-бап. Аукцион өтпеді деп тану тәртібі мен негіздері

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион, егер аукцион өткізілетін күні екіден кем қатысушы тіркелсе, өтпеді деп танылады және қайталама аукцион өткізілмейді.

2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Аукционды өтпеді деп тану комиссияның барлық қатысқан мүшесі қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Аукционды өтпеді деп тану туралы хабарландыру хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

 

102-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану

1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды сот қатысушының немесе құзыретті органның талап етуі бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.

2. Мыналар аукционды жарамсыз деп тану үшін негіздер болып табылады:

1) осы Кодексте белгіленген, аукцион жеңімпазын айқындауға әсер еткен аукцион өткізу қағидаларын бұзу;

2) аукцион қорытындылары бойынша келісімшарт жасалған тұлғаның құзыретті органға мұндай тұлғаны аукционға жіберу туралы шешімге әсер еткен көрінеу анық емес мәліметтерді ұсыну фактісінің анықталуы.

3. Аукционға қатысушылар аукционның нәтижелеріне оның нәтижелері жарияланған күннен бастап үш ай ішінде осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.

4. Келісімшарт жасалғанға дейін аукционның жарамдылығына дау айтылған жағдайда, сот мәні бойынша шешім шығарғанға дейін келісімшартты жасасу мерзімі тоқтатыла тұрады.

5. Аукционды жарамсыз деп тану аукцион қорытындылары бойынша жасалған келісімшарттың жарамсыздығына алып келеді.

6. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша аукцион жарамсыз деп танылған жағдайда, мұндай аукционның жеңімпазы деп жарияланған тұлға төленген қол қою бонусын қайтаруды талап етуге құқылы.

 

 

2-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру

 

103-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру шарттары

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласында қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғам көмірсутектер саласындағы ұлттық компания деп танылады.

2. Осы параграфта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен жалпы негіздерде көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге құқық алуға құқылы.

3. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі осындай ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.

4. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы аукцион негізінде берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның пайдалануына тікелей келіссөздер негізінде, тек мүдделі тұлға аукцион өткізуге өтініш бергенге дейін ғана берілуі мүмкін.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге келісімшартты ұлттық компания дербес өзі де және сонымен бірге стратегиялық серіктесімен бірлесіп те жасауы мүмкін.

Бұл ретте жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы ретінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның елу және одан көп пайыздан асатын мөлшердегі үлестік қатысуы ірі кен орындары бойынша тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің міндетті шарты болып табылады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания бекіткен және құзыретті органмен келісілген талаптарға сәйкес келетін, көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша инвестициялық қаржыландыруды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді немесе көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт бойынша қол қою бонусын өтеу жөніндегі міндеттемелерді өзіне алған заңды тұлға немесе заңды тұлғалардың консорциумы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның стратегиялық әріптесі болып танылуы мүмкін.

Стратегиялық әріптесті ұлттық компания тікелей келіссөздер жүргізуге өтініш берген кезде айқындайды.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы жер қойнауын пайдалану жөніндегі осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық серіктес арасында тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалу құқығын алу мақсаттары үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалған бірлескен қызмет туралы шарт (келісім) және (немесе) қаржыландыру туралы келісім бойынша барлауды қаржыландыру инвестициялық қаржыландыру деп танылады.

Бірлескен қызмет туралы келісімде стратегиялық әріптестің қол қою бонусын төлеу не ұлттық компания төлеген қол қою бонусының сомасын өтеу жөніндегі міндеттемесі көзделуге тиіс.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

8. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларға берілген жағдайды қоспағанда, келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге болмайды.

Бұл ретте мұндай заңды тұлға алған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге құқылы емес.

Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғаның ірі кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттағы үлестік қатысу мөлшерін азайту көмірсутектер саласындағы ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың шешімдер қабылдауына өз бақылауын сақтаған жағдайда жүзеге асырылады.

 

104-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтініші

1. Тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар көмірсутектер саласындағы ұлттық компания өзі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің шекараларын көрсете отырып, құзыретті органға өтініш жібереді.

2. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер болған жағдайда, өтінішке барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қоса береді.

3. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда өтініште:

1) стратегиялық серіктестің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын, басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы, стратегиялық серіктесті тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;

2) стратегиялық әріптес соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, оның бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;

3) көмірсутектер саласындағы ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық әріптес арасында жасалған бірлескен қызмет туралы тиісінше куәландырылған келісім және (немесе) қаржыландыру туралы келісім қамтылуға тиіс.

4. Өтініш және оған қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания шетелдік заңды тұлға болып табылатын стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда, мұндай құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, жасалуы мүмкін.

 

105-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі

1. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.

2. Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.

3. Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:

1) ұлттық компания немесе оның стратегиялық әріптесі тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған қол қою бонусын төлейді;

2) ұлттық компания құзыретті органға қол қою бонусының төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған (стратегиялық серіктес тартылған жағдайда - оның да тарапынан) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.

Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, ұлттық компания тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын қосымша әзірлейді және осындай бағдарламаны барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.

Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын барлау кезеңі белгіленеді.

Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын дайындық кезеңі белгіленеді.

Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ұлттық компания көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.

5. Құзыретті орган келісімшартты және қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасайды және оның қол қойылған бір данасын (даналарын) ұлттық компанияға жібереді.

6. Келісімшартқа жұмыстар бағдарламасында ұлттық компания мәлімдеген міндеттемелердің қысқартылуын немесе алып тасталуын көздейтін қосымша келісімдерді жасауға тыйым салынады.

 

 

3-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы

 

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 106-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

106-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мынадай жағдайларда:

1) егер күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңі аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушы қорларды есептеу жөніндегі есебі осы Кодексте көзделген жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған кен орнын анықтамаса;

2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын осы бапта көзделген жағдайларда біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатса;

3) жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттың қолданылу мерзімі өткенге дейін жер қойнауының бүкіл учаскесін қайтарса;

4) осы Кодексте көзделген өзге де жағдайларда, өз қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

1-1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мынадай:

1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімі күшіне енген;

2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған тиісті жобалау құжаттарынсыз көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген;

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптары бұзылған;

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

4) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 153-1-бабының 3-тармағына сәйкес сарқылып жатқан кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша инвестициялық міндеттемені орындамаған жағдайларда, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.

2. Жер қойнауын пайдаланушы белгіленген мерзімде мыналарды:

1) осы Кодекстің 133-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген бұзушылықтардың біреуін;

2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелердің екіден көп бұзушылықтарын жоймаған кезде құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын, егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

Көрсетілген негіз бойынша келісімшарт қолданысы біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.

4. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.